Маңғыстауда борышкер баласына қимаған ақшаны букмекерлік кеңсеге салып жіберген

Ол 2023-2024 жылдары букмекерлік кеңседегі өзінің жеке шотына бәс тігу үшін 45,7 млн теңге салған
Sputnik
АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Маңғыстау облысының прокурорлары алимент төлемей жүрген 13 борышкердің 73,3 млн теңге табысты жасырғанын анықтады, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Атап айтқанда, алимент бойынша борышкерлердің бірі 2023-2024 жылдары букмекерлік кеңседегі өзінің жеке шотына бәс тігу үшін 45,7 млн теңге салған.
"Атқарушылық құжат бойынша 2,5 млн теңге берешегі бола тұра, сырт көзге өз міндетін орындап жатқанын көрсету мақсатында жалақысы 85 мың теңгелік жұмысқа формалды түрде орналасқан", - деп жазылған хабарламада.
Аталған факт бойынша прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша тергеп-тексеруді бастады.
Жыл басынан прокурорлардың бастамасымен 21 борышкерге қатысты тергеп-тексеру басталды, 13 іс бойынша сот үкімі шықты, қалғандары тергелуде.
Прокуратура алимент төлемеудің құқықтық салдары туралы қатаң ескертеді.