АЛМАТЫ, 8 маусым - Sputnik. Шымкент қаласы Тұран ауданындағы Бадам өзені арқылы өтетін автожол көпірі құлады, деп хабарлайды Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
7 маусым сағат 11:45-те көпірдің тірек қадаларын су шайып кеткен. Мамандардың айтуынша, бұған қатты жауын себеп болған.
"Қатты жауын-шашын салдарынан секундына 49.5 текше метр судан өзен арнасы көтерілді. Көпірден 100-120 м. төменде су шайды. Қазіргі уақытта өзендегі су 15.3 текше метрге дейін төмендеді. Оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті атқару органдарынан 20 адам және 5 техника, төтенше жағдайлар департаментінен 5 адам және 2 техника жұмылдырылды", - дейді ведомство.
Қазір көпір жабық.
"7 маусым 22:00-дегі жағдай бойынша көпір тірегі 1 метрге шөккен, көпір бойынша қозғалыс барлығына жабық, ескерту белгілері қойылды. Бұл көпір арқылы Шымкент қаласынан 5000 тұрғыны бар Жаңаталап тұрғын алабына қозғалыс жүзеге асырылған. Тиісті қызметтер оқиға орнында", - дейді төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылардың айтуынша, қираған көпірден 1,5 шақырым жерде қосымша автокөлік жолы бар.