АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Алматы метросындағы жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.
"Соңғы талдау көрсеткендей, "Метрополитен"КМК қызметкерлері локомотивтерге арналған бастапқы резеңке серіппелерді 137 миллион теңгеге көтерілген бағамен сатып алған", - деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Бұл тұжырымды метрополитеннің аудиторлық есебі де растады, осыған байланысты көлік прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді, оны қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.
2023 жылы метро құрылысына қатысты басқа іс тергелді. Ол сотқа жіберілді. "Метрополитен" мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығы, сондай-ақ мердігер ұйымдар – "Алматыметроқұрылыс" АҚ және "Автоматтандыру және технологиялар сервисі" ЖШС лауазымды тұлғалары күдікті деп танылды.
Тергеушілердің айтуынша, күдіктілер Алматы метросының жаңа желісін салу кезінде 5 миллиард теңгені ұрлаған, деп атап өтті көлік прокуратурасы.