АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Үкімет Екібастұз жылу электр орталығын (ЖЭО) одан әрі жаңғыртуға резервтен 3,4 млрд теңге бөледі. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Сонымен Екібастұз ЖЭО-ның төрт (11-15) қазандық агрегатын (2,4 млрд) күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін (988 млн) салу үшін Павлодар облысының бюджетіне қаражат аударылады.
"Бүгінде Екібастұз ЖЭО – қаланы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін бірден-бір нысан. Өткен жылы үкімет резервіндегі қаражат есебінен 5 су жылыту қазандығы мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымы еш іркіліссіз өтті", - делінген үкіметтің хабарламасында.
Бектенов биыл наурыз айында Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін айтқан болатын.
Атап айтқанда, Екібастұз ЖЭО-да күлден гидравликалық тазартуға арналған тұндырылған су беру жүйесі 1986 жылы орнатылды. Оның құрамына кіретін құбырлар тозған, бұл тұтынушыларға жылу беруді шектеуі мүмкін. Осыған байланысты тұндырылған судың жаңа магистралін салу басым міндеттердің бірі болып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін үкімет резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам және Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінген болатын.
Жалпы, биыл Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Жезқазған, Ақтөбе, Степногорск, Рудный, Балқаш және басқа да қалаларда энергия блоктарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жоспарланып отыр.