Абай облысында жоғалған әйелдің денесі табылды: анасы қамауға алынды

Sputnik
АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Абай облысында бір апта бұрын із-түзсіз жоғалған әйелдің денесі табылды. 30 жастағы Динара Досымбекованы өлтірді деген күдікпен туған анасы қамауға алынды, деп хабарлайды КТК.
Марқұм 26 мамыр күні жоғалып кеткен. Оның із-түзсіз жоғалғанын айтып анасы полицияға арыз түсіріпті. Тіпті ауылдан Семей қаласына бармақ болып, "қызым таксиге мініп кетті" деп өтірік айтқан.
Алайда шаһардағы бейнебақылау камераларын түгел тексеріп, шарық- ұрып іздеген полиция қызметкерлері Динараны таппады. Тек бір аптадан кейін өз қызын өлтіріп, мүрдесін жасырып тастады деген күдікпен туған анасы ұсталды. Қазір қандықол әйел қамауға алынып, тергеу жүргізілңп жатыр.
"Полиция қызметкерлері қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 жастағы әйелдің жоғалып кету мән-жайы анықталды. Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті әйел қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды", - дейді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Елдос Зәкімов.