АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Астанада танысының шотынан ақша жымқырған қыз анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны арызданды. Ол әлеуметтік желі арқылы 22 жастағы елордалық қызбен танысқанын айтқан. Біраз уақыт онлайн хат алмасудан кейін, ол қызды жеке кездесуге шақырған.
Кафеде басталған отырысты жастар қонақүйде жалғастырған. Таңертен ер адам ұйықтап жатқан кезде қаскүнем оның шотынан 640 мың теңгені басқа шотқа аударып, бөлмеден қашып кеткен.
"Есіл" ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қызды анықтады. Ол кафеде шот төлеу кезінде жігіттің банк қосымшасындағы құпия кодты көріп алғанын мойындады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыздың елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.