Көлік жүргізушілері Яндекс Таксимен делдалсыз жұмыс істеудің тиімділігін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЯндекс-такси
Яндекс-такси - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2024
Жазылу
Sputnik Қазақстан пилоттық жобаға қатысып жатқан такси жүргізушісімен сөйлесіп, жаңа бастаманың тиімді тұстарын білді
АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Жылдың басында Астана мен Алматыда Яндекс Таксимен делдалсыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба басталған болатын. Содан бері осы жүйеге мыңдаған көлік жүргізуші қосылып, табыс салығының 1 процентін ғана төлейді.
Әлеуметтік төлемдерді де өз атына аударуға мүмкіндік бар. Sputnik Қазақстан пилоттық жобаға қатысып жатқан такси жүргізушісімен сөйлесіп, жаңа бастаманың тиімді тұстарын білді.
Бұрынғы жүйе қалай жұмыс істейді?
Қазіргі кезде Яндекс Такси әрбір тапсырыстан 17 процент ұстайды. Оған қоса, таксопарк өз ақысын алады.
"Менің бұрынғы таксопаркім 7 процент алған. Сосын ақшаны шығарғаны үшін тағы 1,1 проценттің ақысы болды. Сонда Яндекс Таксимен бірге 25 процентке дейін барған. Мәселен, 1 000 тапсаң, 250 теңгесін Яндекс пен таксопаркке төлеу керек", - дейді астаналық Марғұлан Мұқанов.
Артынан ең арзан таксопарк табылды. Марғұлан бірден соған ауысып алды.
"Былтыр ең арзанын тауып алдым. 2 процент қана алады, сосын ақшаны шығарғаны үшін 1,1 процент деді. Сөйтіп, такспарктің қызметі 3 процент, ал Яндекспен бірге санағанда 20 процентке шықты. Сол кезде менен ұсталатын ақша 5 процентке азайды", - деп атап көрсетті Мұқанов.
Пилоттық жоба несімен тиімді?
Биыл сәуір айында Марғұлан Яндекс Таксимен делдалсыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаға қосылды. Оған сәйкес, таксопаркке ақы төлеудің қажеті жоқ. Ал табыс салығы 1 процентті ғана құрайды. Бірақ әлеуметтік төлемдерді де аударып отыру қажет.
"Мысалы, айына 200 000 тапсаң, 2 000 мың теңгесін табыс салығына төлейсің. Ал әлеуметтік төлемдерді ең төменгі жалақыдан аударып отыруға болады. Қазіргі ең төменгі жалақының мөлшері – 85 000 теңге. Сонда зейнетақы қорына - 8 500 теңге, медициналық сақтандыруға – 5 950 теңге, сосын әлеуметтік сақтандыруға 2 975 теңге төлеу керек. Жалпы, 20 000 теңгедей шығады. Бұрын ол ақшаны таксопаркке төлеп жүрдік қой. Ал қазір 1 процент табыс салығын төлеп, қалғанын өзіңе – зейнетақыға, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне аударып отыруға мүмкіндік бар", - дейді Мұқанов.
Оның айтуынша, таксопарктерден ешқандай пайда жоқ, бәрібір барлық мәселені Яндекстің өзіне жазу керек. Таксопарктер оны шеше алмайды, олар такси жүргізушілерін тіркейді, арасында конкурстар өткізіп тұрады, басқа көмегі жоқ.
"Менің негізгі жұмысым бар. Ал қолым бос болғанда Яндекске шығамын, жұмысқа дейін немесе кейін, я болмаса, демалыс күндері табыс табуға болады. Мен үшін жаңа жүйе қатты тиімді емес, ал бірыңғай таксимен айналысатындарға, онымен көп табыс табатындарға өте тиімді. Медициналық сақтандыру төлемдері аудырылады. Ертең ауырып қалса, кез келген уақытта емханаға бара алады. Қазір онсыз қабылдамайды ғой. Зейнетақы да түсіп тұрады", - дейді Марғұлан.
Пилоттық жобаға қалай қосылады?
Пилоттық жобаға қатысу үшін алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Онда мобильді қосымшаны пайдаланатын салық режимі бар. Дәл осы режим такси қызметіне арналған.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін банкте есепшот ашу керек. Одан кейін Яндекстің кеңсесіне бара беруге болады. Сол жақта такси жүргізушісін тіркейді, ал жеке мәліметтерін бухгалтерлік фирмаға береді. Олар уақыт жақындағанда өздері хабарласады. Ұялы телефонға жүктейтін мобильді қосымшаларды айтып, жұмыс тәртібін жібереді", - деп атап көрсетті Мұқанов.
Осы орайда бір мәселені ескеру керек, адамның атында "ИП" болса, оны жауып, мобильді қосымшаны пайдаланатын салық режимін ашу керек.
Салық есебі қалай тапсырылады?
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген такси жүргізушісіне салық есебімен бас қатырудың қажеті жоқ. Яндекстің әріптес компаниясы шот-фактураны өзі дайындап отырады. Ол үшін ақша да алмайды.

"Олар ай сайын маған шот-фактураны электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасына жіберіп отырады. Мен оған қол қоямын да, өздеріне қайтарып беремін. Одан кейін атқарылған жұмыстар туралы актіні жолдайды. Оны қағазға басып шығарып, қол қоямын. Бұл құжатты қолма-қол апарып беру керек", - дейді Марғұлан.

Оның айтуынша, такси жүргізушілерінің көбісі электронды жүйелерді көп біле бермейді. Соның салдарынан салық есебін тапсыруға көп уақыт жұмсайды. Ал бәрін өзің істесең, кеңседе көп бөгелмейсің.
Жаңалықтар
0