АСТАНА, 2 маусым – Sputnik. Қазақстандық боксшылар Назым Қызайбай мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы өз қарсыластарын жеңіп, Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға жолдама алды, деп хабарлады туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан шешуші лицензиялық жарыста екі дүркін әлем чемпионы, 50 келідегі Назым Қызайбай Солтүстік Кореяның жас спортшысы Канг Су Хуангты 5:0 есебімен жеңді. Үшінші раундта жерлесіміз қарсыласын нокдаунға түсірді.
Осылайша, Қызайбай биыл Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға жолдама алды. Айта кету керек, екі дүркін әлем чемпионы Олимпиадаға алғаш рет аттанады.
Сонымен қатар, тап осы іріктеу кезеңінде 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да жазғы Олимпиадаға жолдама жеңіп алды. Қазақстандық былғары қолғап шебері шешуші айқаста Молдова өкілі Александр Параскивтен 5:0 есебімен басым түсті.
Парижде Қазақстанның бокстан ерлер құрамасы өз тарихында 3-ші мәрте толық құрамда Олимпиада жүлдесіне таласады. Қазір Қазақстанда 58 лицензия бар.