Қоғам

Тоқаев қазақстандықтарды Балаларды қорғау күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта беруіне тілектестік білдірді
Sputnik
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтау жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Жарқын жаз өскелең ұрпаққа қамқорлықтың символына айналған осы мерекеден басталады", - деп жазылған президент құттықтауында.
Тоқаев ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналатынын айтты.
"Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды. Мен жас ұрпақ Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарын нақты жүзеге асырып, "Адал азамат" тұжырымдамасының озық идеалдарына толық сай болады деп сенемін", - деді Тоқаев.
2027 жылға қарай балалар саны 8 миллионға жетеді – ресми болжам
Мемлекет басшысы ол үшін біз бүкіл қоғам болып жалпыұлттық құндылықтарды ұрпақтың бойына сіңіру және оларды еңбекқорлық пен білімпаздыққа баулу керек екенін айтып, сондай-ақ төл тарихымыз бен мәдениетімізді құрметтеуге үйретуге де басымдық беру қажеттілігін мәлімдеді.
"Барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!", - деп құттықтау жолдады мемлекет басшысы.