Қазақстан мен Нидерланд су тасқынымен бірлесіп күреседі

Келісім тасқын суын реттеу және пайдалану саласындағы Нидерландтың тәжірибесін зерттеуді көздейді
Sputnik
АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстан мен Нидерланд Корольдігі екіжақты меморандумдарға қол қойды, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
"Бүгінгі кездесу - біздің Нидерланд мемлекетімен қарым-қатынасымыздың маңызды кезеңі. Ынтымақтастығымыз ауқымды және перспективалы жобаларды іске асыруға көмектесетініне, ал тәжірибе мен технология алмасу отандық су саласының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретініне сенімдімін", –деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Алғашқы құжат - Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Сыртқы істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастықты көздейді.
Келісім тасқын суын реттеу мен пайдалануда тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзен ағындарын басқару бойынша Нидерландтың тәжірибесін зерттеуді көздейді.
Дельфт су білімі институты (IHE Delft) қол қойған екінші меморандумда су саласының мамандарын даярлау, су саласында ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылған.