Өнеркәсіптегі тау-кен металлургия кешенінің үлесі 26%-дан асты

Бірінші тоқсанда металл кендерін өндіру көлемі 991,9 млрд теңгеге жетті
Sputnik
АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстанда металдарды өндіру және қайта өңдеу барлық өнеркәсіп өндірісінің төрттен бірін құрады, деп хабарлады Energyprom.kz.
Атап айтқанда, бірінші тоқсанда ел бойынша жалпы өнеркәсіп өндірісінде металл кендерін өндіру үлесі шамамен 9%, ал тау-кен өнеркәсібінде шамамен 19% болды. Өнеркәсіп өндірісінің барлық көлеміндегі металлургия өнеркәсібінің үлесі шамамен 18%, өңдеу өнеркәсібінде 39,4%-ға жетті. Осылайша Қазақстан өнеркәсібіндегі тау-кен металлургия кешенінің (ТМК) жиынтық үлесі 26%-дан асты.
"Бірінші тоқсанда металл кендерін өндіру көлемі 991,9 млрд теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғы 813,7 млрд теңгеге қарағанда — ақшалай мәнде 21,9% -ға артық (нақты өсім — 7,3%-ға)", - делінген хабарламада.
Заттай түрде мыс кендерін өндіру 38,3 млн тоннаны, темір кендерін өндіру 13,1 млн тоннаны, құрамында алтыны бар кендерді өндіру 9,2 млн тоннаны, қорғасын-мырыш кендерін өндіру 2,7 млн тоннаны, хром кеніштерін өндіру 1,6 млн тоннаны, алюминий кендерін өндіру 1,3 млн тоннаны құрады.
Ал өңдеу сегментінде осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша металлургия өнеркәсібінің өнімін шығару 2 трлн теңгеден асты, сектордағы өнеркәсіп өндірісінің нақты өсуі 4,3%-ды көрсетті.
Заттай түрде 943,1 мың тонна тазартылмаған болат, 717,9 мың тонна шойын, 523,8 мың тонна ферроқорытпа, 464 мың тонна алюминий, 120,3 мың тонна мыс, 67 мың тонна мырыш, 29,4 мың тонна қорғасын, 187,9 тонна күміс, 32,4 тонна алтын шығарылды.
Жамбыл облысында ірі тау-кен металлургия комбинаты іске қосылады