АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынып жатыр, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту.
Биыл Түркістан түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Жыл ішінде облыс орталығында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өтетін ауқымды жобалар жоспарланып, жүзеге асуда.
"Теңдессіз туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Іргетастарды нығайту және бетондау жұмыстары, сондай-ақ монолитті жұмыстар жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Құрылыстың 1 және 2 кезектері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аумағында 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Түркістанда қолөнершілер қалашығы салынып жатыр
© Photo : Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана салудағы мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу.
Мұнда қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһардың орталығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр.