Мектептерде емтихан басталды

Оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихандар өтеді
Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Бүгін еліміздің мектептерінде аралық және қорытынды емтихан тапсыру кезеңі басталды. Ол 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл алғаш рет оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихандар өтеді.
"Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өзі белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберлігін көрсетеді", - делінген хабарламада.
29 мамыр мен 10 маусым аралығында 9-сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді, ал 11-сыныпты бітірушілер 28 мамыр - 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.
"Ақтөбе облысынан 9, Атырау облысынан 20 және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектептің оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды", - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9-сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11-сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.