Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Австралияның қорғаныс министрі: Ресей активтерін тәркілеу мүмкін емес

Австралияның қазіргі заңына сәйкес, егер болашақта санкциялар алынып тасталса, актив иелері өз активтерін толығымен қайтарып алуы керек
Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Австралия конституциясы ресейлік активтерді тәркілеуге жол бермейді. Бұл туралы елдің қорғаныс министрі Ричард Марлз мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.

"Активтерді жай ғана ұстап тұру және оларды пайдалану үшін конституциялық кедергілер бар. Сондықтан біз оларды бұғаттап отырмыз және мұның барлығы біз саудаға салған маңызды санкцияларға қосымша орындалып жатыр. Демек, заң аясында орындай алатын шектеулер шегінде тұрмыз", - деді министр австралиялық ABC телеарнасына берген сұхбатында.

Марлз сондай-ақ тележурналистің Австралиядағы ресейлік активтер шамамен 9 миллиард долларды құрайды деген мәлімдемесіне түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, активтердің нақты көлемі БАҚ-та жарияланғаннан айтарлықтай төмен.
Сәуірде Австралияның премьер-министрі Энтони Альбанезе де Канберраның қазіргі уақытта Ресейдің бұғатталған активтерін заңды түрде тәркілей алмайтынын растады. Австриялық Sydney Morning Herald газетінің хабарлауынша, австралияның қазіргі заңына сәйкес, егер болашақта санкциялар алынып тасталса, актив иелері өз активтерін толығымен қайтарып алуы керек. Оған қоса төленетін барлық пайыздарды алуға құқылы, бірақ санкциялар кезеңінде сол активтерді басқаруға кеткен шығындар шегеріледі.
Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы
Боррель бұғатталған ресейлік активтерді тәркілеу механизмін жариялады
Еске салсақ, Ресейдің Украинадағы әскери операциясы басталғалы Еуроодақ пен G7 елдері Ресейдің шамамен 300 миллиард еуроны құрайтын валюта қорының жартысына жуығын бұғаттады. Шамамен 200 миллиард еуро Еуроодақта, негізінен әлемдегі ең ірі есеп айырысу және клиринг жүйелерінің бірі – бельгиялық Euroclear есепшоттарында тұр.
Егер бұрын бұл қаражат Украинаны қалпына келтіруге жұмсалады деп айтылса, енді Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Еуроодақ кеңесіне Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін кірісті әскери мақсатқа бағыттауды ашық түрде ұсынды.
Ақпан айында Ресей сыртқы істер министрлігі Батыс елдерінің Украинаға көмектесу үшін бұғатталған активтерін жіберу әрекеттеріне қатаң жауап беруге уәде етті. Ведомстводағылар ЕО активтерін тәркілеу жоспарын экономикалық бандитизм деп атады және олардың халықаралық құқықты өрескел бұзатынын айтты.