Түркі инвестициялық қоры өз жұмысын бастады – қаржы алатын жобалар қандай

Оны құрудың басты мақсаты – Түркі елдері арасындағы экономикалық және коммерциялық қатынастардың дамуын қамтамасыз ету
Sputnik
АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Ыстанбұлда Түркі инвестициялық қорына мүше Басқарушы елдер кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
Түркі инвестициялық қоры – түркі әлемі экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың бастапқы капиталы - 500 млн доллар. Оны құрудың басты мақсаты – Түркі елдері арасындағы экономикалық және коммерциялық қатынастардың дамуын қамтамасыз ету. Түркия қаржы министрлігінің болжамына сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай түркі мемлекеттері әлемдік экономикада маңызды орын алады. Сол кезде экономикалық үлесі $1,9 трлн-ға, ал халық саны 178 млн адамға жетедіү
Қордың қаржысына бірқатар салаларда бірлескен жобаларға қолдау жасалады. Олар:
инфрақұрылым;
жаңартылатын энергия көздері;
ауыл шаруашылығы;
туризм;
ақпараттық технологиялар;
"Мұндай жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы әртараптандыруға бағытталады. Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы болуға, жобалар үшін қаржыландыру, гранттар мен техникалық көмек алуға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының өңірі аясында және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, кеңестің алғашқы отырысына премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қатысты. Ол Қазақстан тарапынан қордың басқарушылар кеңесінің өкілі болып кірді. Қордың құрылтайшы елдері - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия.