АЛМАТЫ, 22 мамыр – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы Еркін ауылында оқушылар қираған парталарда отырып білім алып жүр. Оқу ғимаратының жағдайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Еркін ауылындағы мектеп 2004 жылы салынған, бірақ содан бері күрделі жөндеу көрмеген.
Алматы облысында оқушылар қираған партада отырып білім алып жүр
© Айдана Дайырова
"Мектептің іші әбден тозып кеткен. Партаға отырған оқушының киімінің түте-түтесі шығады. Жақында жаңа бір директор келді, енді сол адам жөндейтін шығар деп үміттеніп жүрміз. Бұған дейін мектепке бір де бір күрделі жөндеу жасалғанын естіген де, көрген де емеспіз", - дейді Еркін ауылының тұрғындары.
Мектеп ашылғалы бері күрделі жөндеуден өтпеген
© Айдана Дайырова
Мектептің еденіндегі төсеніші жырым-жырым, керегесі сапалы сылақ көрмеген.
""2004 жылы беріліпті, содан бері күрделі жөндеу жасалмапты, ал ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Ауданнан бөлінген барлық бояуды барынша жеткізіп жөндеу жасап жатырмыз. Қазіргі уақытта мектепте 1179 оқушы оқып жатыр. Негізінен 600 балаға арналған. Оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Көрші Айғаным, Көктал, осы Еркін ауылының балалары оқиды", - дейді Еркін ауылындағы орта мектептің директоры Қуаныш Ырысбеков.
Ал керегесі сапалы сылақ көрмеген
© Айдана Дайырова
Мектептің материалдық-техникалық базасы жұтаң. Тіпті оқушы отыратын партаның өзі қирап біткен.
"Мектеп оқушыларына арналған ескі парта, орындықтарды ауыстыруға Алматы облысы бойынша білім басқармасына бюджеттік өтінім жолданған, қаражат бөлінген жағдайда 2024-2025 оқу жылында ауыстырылады. Мектеп 2024-2025 оқу жылында газ жүйесіне қосылады", - дейді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова.
Кабинеттің едендері жөндеуді қажет етеді
© Айдана Дайырова
Газ демекші, бұл мектеп 20 жыл бойы дизель отынымен жылыған. Оған жылына 50 мыңға жуық тонна дизель бөлінген.
Тау болып үйілген қажетсіз құрал-жабдықтар
© Айдана Дайырова
Мектептегі тағы бәр мәселе - бірнеше жылдап, тау болып үйілген мектептің құрал-жабдығы. Арнайы қойма болмағандықтан олар ашық аспан астында қоқыс болып үйіліп жатыр. Лақтырып жіберуге рұқсат жоқ, өйткені есептен шығарылмаған. Ұсқыны кеткен мектептің күйісін бұл қоқыс та одан әрі кетіріп тұр.