АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Мәжіліс Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялады.
Құжатқа тараптар 2022 жылдың 11 қарашасында Самарқандта қол қойды және белгісіз мерзімге жасалды. Келісім аясында "оңайлатылған кеден дәлізі" және "сауда операторлары" жаңа ұғымдары енгізіледі.
Басты мақсат – оңайлатылған кеден дәлізі бойынша тараптар арасында өтетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру.
"Ақпарат алмасу сауда операторлары тасымалдайтын жүктер бойынша оңайлатылған кеден дәлізі арқылы және ерікті негізде жүзеге асырылатын болады. Оңайлатылған кеден дәлізі аясында сауда операторларына бірқатар жеңілдік беріледі.Олардың ішінде кедендік ресімдеудің басым тәртібі, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруді қолданбау және ресімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін жекелеген қозғалыс жолақтарын қоса алғанда, мүмкін болатын оңайлатылған кедендік формальдылықтар бар", - делінген хабарламада.
Тараптардың кеден органдары Келісім күшіне енгеннен кейін ұзақтығы 6 ай болатын пилоттық жобаны ұйымдастырады және жүзеге асырады.