АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Қызылорда облысында мектептің екі оқушысы өзінен бір жас кіші баланы ұрып өлтірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға Шиелі ауданындағы Шеген Қодаманов ауылында болған. 10-сыныптың екі оқушысы өзінен бір жас кіші баланы соққыға жыққан. 9-сынып оқушысы алған жарақатынан қайтыс болды.
Қызылорда облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, кәмелетке толмағанның қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары басталып кетті, қажетті сараптамалар жасалады.
"Күдікті ретінде екі кәмелетке толмаған ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді", - дейді полицейлер.
Облыстық полиция департаментінің бастығы істі жеке бақылауына алды.