АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы "Медеу" табиғи паркінде заңсыз берілген жер телімдерін анықтады, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды алып жатқан жерлер жекеменшiкте бола алмайды.
Алайда 2020 жылы табиғи парк аумағында жеке тұлғалар ауданы 35 га 10 жер учаскесіне меншік құқығын тіркеген.
"Бұған Горнооктябрь ауыл әкiмшiлiгiнiң 1994-1997 жылдардағы жер учаскелерiн бөлу туралы шешiмдерiнiң бар екендігі жөнінде мұрағаттық анықтамалар негiз болған", - делінген прокуратураның хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, мұрағаттық анықтама құқық белгілейтін құжат болып табылмайтынына қарамастан, тіркеуші орган меншік құқығын заңсыз тіркеген.
Алматы қаласының прокуратурасы аталған анықтамаларды және жер телімдерін иеліктен шығару жөніндегі кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінген.
Сот шешімімен прокурордың талап-арыздары қанағаттандырылып, "Медеу" табиғи паркіне кадастрлық құны 3 млрд теңге сомасындағы жер қайтарылды.