АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Алматыда Жапония мен Кореяға виза рәсімдеуге уәде берген блогер ұсталды. Оның үстінен 15 адам арыз жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы өз блогында Жапония мен Кореяда ақша табудың жолдары туралы айтып, қажетті құжаттарды оп-оңай және кедергісіз рәсімдеп беруге уәде еткен. Оның блогына 10 мыңнан астам адам жазылған. Сол себепті жас жігіт визаға клиенттің көп болатынын білген.
"22 жастағы күдікті ұсталды. Қазіргі кезде оның үстінен 15 адам полицияға арыз түсірген. Олар виза үшін алдын ала 100 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін ақша аударған. Алданған адамдар бұдан да көп болуы мүмкін", - дейді полицейлер.
Осы орайда тәртіп сақшылары күдіктінің заңсыз әрекетінен зардап шеккен азаматтарды 8-707-142-01-11 және 8-702-777-11-40 телефондарына хабар беруді сұрайды.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал осы қылмыстың ірі мөлшерде жасалғаны дәлелденсе, кінәлі адам үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айырылады.