АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Ертең Орынбор облысындағы "Маштаково" бақылау-өткізу бекетінде жол жөндеу жұмыстары басталады, бұл көлік кептелісін тудыруы мүмкін және тексеру-бақылау процесінен өту уақытын ұзартады. Бұл туралы Росгранстрой ("Ресей шекаралары нысандарының құрылысы және пайдалану дирекциясы" федералдық қазыналық мемлекеттік мекемесі – Sputnik) хабарлады.
Бұл ретте мекеме жол жөндеу жұмыстары екі кезеңмен өтетінін хабарлады.
14-22 мамыр аралығында Ресейден Қазақстанға шығу бағытындағы бақылау-өткізу пунктінде орнатылған порталды инспекциялық тексеру кешені аумағында жол жамылғысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
23-31 мамыр аралығында Қазақстаннан Ресейге кіруге арналған өткізу пунктінде орнатылған порталды инспекциялық тексеру кешенінің аймағында аталған жұмыстар жүргізіледі.
"Жөндеу жұмыстары кезінде портал кешендері арқылы жүктерді сканерлеу тоқтатылады", - деп ескертті ведомство.
Сканерлеудің орнына шекарашылар тексеру жұмыстарын көзбен шолу арқылы жүргізеді. Осы себепті тексеру процесінің уақыты әдеттегіден ұзаққа созылады.
Жүргізушілерге мемлекеттік шекараны кесіп өту уақытын мұқият жоспарлау немесе басқа өткізу пункттерін, мысалы, Саратов облысындағы Озинки немесе Орынбор облысындағы Теплое нысандарын пайдалану ұсынылды.