АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейіне Кеңес-Жапон соғысы кезінде жасалған тарихи жәдігер тапсырылды. Оны облыс тұрғыны жертөле қазып жатқанда тауып алған, деп хабарлайды Polisia.kz
Намбу тапаншасын Жаңаарқа ауданы тұрғыны тауып алған. Ер адам аулада жертөле қазып жатқан. Сол кезде топырақтың арасынан тарихи жәдігер шыққан. Газетке оралған қару жердің астында 100 жыл жатқан.
Криминалистер өткізген зерттеуге сәйкес, 14 типті Намбу тапаншасын 1925 жылы Кидзиро Намбу жасап шығарған. Оны император армиясының офицерлері 1937 жылы Қытайға қарсы соғыста, сондай-ақ 1945 жылы Кеңес-Жапон соғысы кезінде қолданған.
"Балистикалық сараптама бойынша біз Жапония императоры кезінде шығарылғанын анықтадық. Жердің астында жатқан тапаншаны өте қатты тот басқан ", - дейді полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Бауыржан Қалыбеков.
Құнды экспонат тарихи-археологиялық музейге тапсырылды.