АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. Семейде лифт шахтасына құлап зардап шеккен алты адамның үшеуі ауруханада жатыр. Олардың аяғы бірнеше жерден сынған.
"Жолдасым екеуіміз болдық. Одан кейін екі жас қыз тұрған. Төртеуіміз міндік. Оныншы қабатта лифт тоқтап, екі әйел кірді. Сол екі әйел бізге өтінді, отыруға. "Такси тосып тұр" деп. Одан кейін екі қабат жүрдік те, бітті, төмен кетті", - дейді Гауһар Қозыбаева.
Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты дейді дәрігерлер. Ал оқиға 8 мамыр күні болған. Алты адамның салмағын көтермеген лифт шахтаға құлап кетті. Апаттың нақты неден болғанын мамандар анықтап жатыр. Қылмыстық іс қозғалып тергеу басталған.
14 қабатты үйдегі жедел сатының жұмыс істеп тұрғанына 34 жыл болған.
"Тергеу жүргізіліп жатыр. Жедел саты ортақ мүлікке жатады. Тұрғын үй қатынастар заңының 2-бабының 14-тармағына сәйкес енді тұрғындар өздері жедел сатыға күрделі жөңдеу жүргізуі керек", - дейді Семей тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Серік Байділданов.