Қостанай облысының әкімі өңірде қанша үй жөндеуге жарамсыз болып қалғанын айтты

Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынды
Sputnik
АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Қостанай облысында су тасқынынан зақымданған үйлердің 95%-ы тексерілді, олардың 796-сы жөндеуді қажет етеді және 473-ін қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов премьер-министр Олжас Бектеновке баяндады.
Алгоритмге сәйкес, қалпына келтіруге жарамайтын үйлердің иелеріне баспана сатып алынады немесе көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер салынады.
"Бүгінде үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынды", - деді Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, оның айтуыгша, Арқалық қаласында "Базис А" ЖШС-ның қаржыландыруымен 50 пәтерлі тұрғын үй салынуда.
Жангелдин және Амангелді аудандарында "Қазақстан халқына" қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды.
"Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік қаражат есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр. Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген", - деп толықтырды облыс әкімі.
Сондай-ақ Құмар Ақсақалов 2 020 бас мал шығыны үшін келтірілген залалды өтеуге 855 млн теңгеден астам төлем жасалғаны туралы баяндады.
Премьер-министр қысқа мерзім ішінде қалған үйлерді тексеру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.