АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Бүгінде елімізде 1,5 млн гектар жерге егін егілді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ал суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, мақта алаңдарын 16 мың гектарға, күрішті 12 мың гектарға қысқарту көзделген.
"Бүгінгі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады", — деді А. Сапаров.
Әкімдіктердің деректері бойынша бүгінгі күні қажетті 2,4 млн тонна тұқымның 99%-і бар. Қалған көлем Азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі.
Жалпы, бүгінгі таңда шаруаларға 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп-жөнелтілді, бұл 2024 жылға арналған жоспардың 30%-ын құрайды. Аталған бағыттағы жұмыс тек Қызылорда облысында ғана толық аяқталды.