Айбынды армиямыз мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады – Тоқаев

Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді, деді президент
Sputnik
АСТАНА, 7 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екені атап өтті. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы.
"Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады", - деді ол.
Тоқаев әскеріміздің әлеуеті оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында да көрініп жүргенін айтты.
"Алапат тасқын ел-жұртқа қауіп төндіргенде, сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетті", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту және әскери қызметкерлерді қолдау қашанда мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді.
"Қарулы күштеріміздің мерейі үстем болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Қытай қорғаныс министрін қабылдады