АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Қазақстанда жалған техникалық тексеріс үшін айыппұл үш есеге артады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан көлік министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде заң жобасы дайын. Оған сәйкес, жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін арттыру жоспарланған. Ал осы құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталанса, техникалық тексеруден өткізетін оператор қызмет көрсету құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырылады.
"Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары ақаулары бар көлік құралдарының жол қозғалысына жіберілуіне мүмкіндік беріп, кейін бұл жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соғады. Ал салынатын айыппұл көлемі жасалған құқық бұзушылықтарға пропорционалды болуы тиіс және бұзушылықтардың одан әрі жасалуының алдын алуы керек", - дейді мамандар.
Сондай-ақ заң жобасы аясында автокөлікті техникалық тексеруден өткізетін операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды күшейту қарастырылған.
Айта кетері, бүгінде Қазақстанда 950-қа жуық оператор көлікті техникалық тексеруден өткізу бойынша қызмет көрсетеді.