АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Ресейден Саратов каналы арқылы келген тасқын судың 30 млн текше метрі Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетері, аталған көлдер жүйесіне соңғы 20 жылда су бармаған.
Қамыс-Самар көлдері киіктер мен өзге де жануарлар үшін миграция жолындағы табиғи суат көзі болып саналады. Жайық арқылы келген су "Қазсушар" мекемесіне тиесілі Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жиналады.
"Биыл тасқын суының қарқынды келуіне байланысты Жайық-Көшім жүйесіне 840 млн – 1 млрд текше метрге дейін су жинау жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Түскен су жүйе бойында орналасқан 65 мың гектардан астам шабындық алқабын, жазғы жайылымдарды суландыруға және су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ "Қазсушар" мамандары соңғы жылдары құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және тағы да басқа табиғи көлдерге су жіберуге ниетті.
Соңғы отыз жылда Сарыөзен бойынша Жаңақазан ауылы маңындағы Айдын, Сарыайдын көлдеріне, Қараөзен бойынша Сарыкөл ауылына дейін ғана су беріліп келді.