АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Қазақстанда жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу процесі жалғасып жатыр.
Үкіметтің баспасөз қызметінің ақпаратынша, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстардың тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінгі таңда 16 862 өтініш келіп түскен.
"20 сәуірдегі жағдай бойынша 8 814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. 2 мыңнан астам отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы алды. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті", - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілген.
311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал 35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтер берілді.
Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және олар үкіметтің қатаң бақылауында. Ел президентінің тапсырмасымен барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі, деп сендірді үкімет.