АЛМАТЫ, 18 сәуір - Sputnik. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаратұрық ауылында мұғалім полицейге оқ атты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 17 сәуір кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Бәріне себеп - отбасындағы жанжал. Күйеуінен таяқ жеген әйел полиция шақырады. Шақыртуға келген екі полицейдің біріне үй иесі аңшы мылтығымен оқ атқан.
"Күдікті күндіз ішімдік ішкен, сосын әйелімен жанжалдасып, соққыға жыққан. Әйелі полиция шақырады, сол жерде полицеймен керісіп қалған. Ер адам үйінен мылтық алып шығып, оқ атқан. Оқ қолын жанап өтіп, полицияның көлігіне тиген", - дейді Қаратұрық ауылы әкімінің орынбасары Бауыржан Сокуров.
Ер адам үйінен мылтық алып шығып, полицейге оқ атқан
© Айдана Дайырова
Полицияны атқан күдіктінің әкесі 18 жыл полицияда қызмет еткен, қазір зейнеткерлікте. Анасы Алматыдағы ауруханада дәрігер-терапевт. Ал атасы 60 жыл Қаратұрықта тұрып, ауыл ғана емес, ауданға сыйлы жан болған, дейді көршілері.
"Көршіміз жақсы жігіт еді, бұлай болғанына біз де аң-таңбыз. Әйелі екеуі жиі жанжалдасады. Үйінде берекесі жоқ, жай-күйі болмағандықтан жігіт ашуға берілген шығар", - дейді көршілері.
Ашу үстінде полицияға оқ атқан күдікті Қаратұрық орта мектебінде мұғалім боп қызмет етеді.
"Ол 2021 жылы жұмысқа қабылданған. Тарих пәнінің мұғалімі, орыс сыныптарына сабақ береді. Жұмысына жауапты, адамгершілігі мол. Қоғамдық жұмыста өте белсенді. Заңды өте жақсы біледі. Ұжыммен қарым-қатынасы да өте жақсы. Жалпы зиялы отбасынан шыққан адам", - дейді Қаратұрық ауылы орта мектебінің директоры Айгерім Сарыбаева.
Әріптестерінің қамауда отырғанына ауыл мұғалімдері қынжылып отыр.
Күдікті жұмыс істеген мектеп
© Айдана Дайырова
"Кейде қабағы түсіп, жұмыста көңілсіз жүреді. Мектеп басшысы ретінде қызметкерлерінің көңіл-күйіне де мән береміз. Сондай сәттерде ол мұғалім ылғи "әйелім тағы кетіп қалды" дейтін еді. Айтуынша, бұл азаматтық некедегі әйелі", - дейді мектеп директоры.
Күдікті мұғалімдіктен бұрын әскери салада қызмет еткен.
"Күдікті мойындау айғақтарын берді, қазіргі уақытта уақытша қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - дейді облыстық полиция департаментіндегілер.
Ал оқ тиген полицей Шелек ауылындағы аудандық ауруханада жатыр.
"Кеше 17 сәуірде сағат 22:20-да иығынан жараланған науқас келіп түсті. Жағдайы орташа ауыр болды. Жарасы таңылып, медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы", - дейді Еңбекшазақ аудандық номері №1 Шелек ауруханасы директорының міндетін атқарушы Рустам Идрисов.