АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. 11 950 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналастыру пункттеріне 7 444 адам, оның ішінде 3 111 бала орналасқан.
9,4 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 2,1 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Бүгінгі күні авариялық-құтқару жұмыстарында 32 963 адам, 3 798 техника, оның ішінде, 764 су сору құралы, 255 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған.
"Жедел желі" телефонына 1 714 қоңырау түсті, 126 психологтар зардап шеккен адамдарға психологиялық көмек көрсетуде.
Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 898 жеке тұрғын үй, 1 542 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 504 тұрғын үй мен 2 078 аула аумағынан су бұрылды.
"Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының елді мекендерінде халықты эвакуациялау жүргізілді. Эвакуациялау жұмыстары жалғасуда", – деді азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.
Спикер еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 төтенше жағдай әрекет ететінін еске салды.