"2-3 күнде қаламызға жетеді": Орал әкімдігі тұрғындарды қауіпсіз жерге көшуге шақырды

Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйіңізді су басуы мүмкін, деді әкімдіктегілер
Sputnik
АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Орал қаласы әкімдігі қауіпті аумақ тұрғындарына көшуге дайын болу керектігін ескертті.
Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде қалаға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазір Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтады.
Су тасқынына қарсы жұмысқа жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметінің барлық ресурсы тартылды. Қазір 350 арнайы техника, 2 мыңға жуық адам тасқынға тосқауыл қоюға жұмылдырылған. Сондай-ақ өзге өңірлерден, облыс аудандарынан келген әскери қызметшілер, төтеншеліктер және еріктілер бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр.
"Ең бастысы - адамдардыңы амандығы. Сондықтан Жайық жайылымындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындары көшуі қажет. Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйіңізді су басуы мүмкін. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл түрде тума-туыс, достарыңыздың үйіне орналасыңыз. Уақытша баратын үй болмаса, қалада эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды. Сұрақтар бойынша қалалық штабқа 8-711-2-24-05-70 және 24-01-94 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады. Эвакуацияны қазірден бастаңыз!", - деп хабарлады әкімдіктегілер.
Қазақстанда су тасқынына байланысты тағы бір форум өткізілмейді