АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Атырау облысында жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары белсенді атқарылып жатыр, деп хабарлайды Қазавтожол.
4 сәуірде еріген қар суының мөлшерінің артуы салдарынан "Атырау-Доссор-Құлсары-Ақтау" тас жолының 101-103 шақырымындағы жүру бөлігін су шайып, жалпы ұзындығы 20 метр болатын 2 жол учаскесі бұзылды.
12 сәуірде еріген қару суының деңгейі түсе сала, "ҚазАвтоЖол" филиал мамандары жол қозғалысын қалыпқа келтіру үшін бірден жөндеу жұмыстарын бастады.
"Қазіргі уақытта диаметрі 1 метр болатын 12 бірлік су өткізгіш металл құбырлар орнатылды. Аталмыш шараға 31 бірлік арнайы техника (5 жүк тиегіш, 20 қотарғыш, 2 жайғыш, 1 автогрейдер, 1 кран, 1 экскаватор, 1 трал) мен 39 адам жеке құрамнан жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, учаскеде 1500 м3 фракциялық және инертті материал әзірленді. Сонымен қатар, теміржол торабында 1035 м3 қиыршықтастар мен 600 м3 кесектастар жүктелуде. Қосымша 400 м3 кесектастар жолда келе жатыр.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан Құлсары қаласының И.Тайменов және Құржұманов көшелері арқылы полиция патрульдік қызметімен жол қозғалысы жүзеге асырылатын болады.
"ҚазАвтоЖол" мамандары 15 сәуірге дейін жол қозғалысын ашуды жоспарлап отыр.