Құлсары қаласында Жем өзенінің деңгейі төмендеді

Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Құлсары қаласында су тасқыны басталғаннан бері Жем өзенінің су деңгейі 92 см-ге төмендегені байқалады, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
"Су тасқынының салдарын жою үшін Жылыой ауданында 6052 адам, 219 бірлік техника, 17 бірлік жүзу құралдары, 21 бірлік мотопомпалар жұмылдырылды. Ауданында жаға бекіту жұмыстары әлі де тоқтаған жоқ. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қауіптің бетін қайтаруға ЖАО, ТЖД, ҚМ әскери бөлімдері, Ұлттық ұлан әскери бөлімі, ПД және еріктілер мен ауыл тұрғындары бірлесіп ат салысуда", - делінген хабарламада.
Аудан орталығында суға кеткен үй саны соңғы деректер бойынша 2810-ға жетті. Аудан төңірегінде облыстық маңызы бар "Доссор-Кұлсары-Ақтау" тас жолын су шайып кетті.
Ауданнан 36 738 адам, оның ішінде 8 382 бала эвакуацияланды. 10 мыңнан астам төрт түлік мал қауіпсіз жерге көшірілді.
2024 жылғы 5 сәуірден бастап Төтенше жағдайлар департаментінде "қауырт желі" жұмыс жасауда. Су тасқыны орын алғалы 129 қоңырау келіп түсті.
Сонымен қатар, эвакуацияланған тұрғындарға шұғыл-психологиялық көмек көрсетілуде.
Тасқын сумен бірнеше күннен бері күресіп жатқан жылыойлықтарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп, гуманитарлық көмек келіп жатыр.