Орынборда Жайық өзенінің деңгейі рекордтық деңгейге көтерілді

26 муниципалитеттегі 12 187 тұрғын үй мен 14 263 үй іргесіндегі телім су астында қалды
Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Ресейдің Орынбор облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі тарихтағы рекордтық деңгейге көтерілді. Бұл туралы Орынбор облысының үкіметі өзінің Telegram каналында хабарлады.
Бір тәулік ішінде Орынбор маңындағы Жайық өзенінде су деңгейі 44 см-ге ұлғайып, 1022 см-ге жетті. Аймақтағы 26 муниципалитетте 12187 тұрғын үй мен 14263 үй іргесіндегі телім су астында қалды.
Осыған байланысты жағдайды бақылау және болуы мүмкін төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында қаланың жедел қызметтері күшейтілген режимге көшірілді.
Бұған дейін Орынбор облысындағы жағдайға Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының ұсынысымен федералдық ауқымдағы төтенше жағдай мәртебесі берілген болатын.
Көктемгі су тасқынынан Ресейдің 39 облысы зардап шекті. Ең көп зардап шеккен Орынбор облысы, 5 сәуірде Орск қаласында орналасқан бөгет бұзылып, мыңдаған үй мен учаскені су басып қалды.
Ресей аумағынан су басу қаупі жоқ - ҚР төтенше жағдайлар министрлігі