АСТАНА, 10 сәуір - Sputnik. Қазіргі уақытта Ресейдің шекаралас облыстарынан Қазақстан облыстарын су басу қаупі жоқ, деп хабарлады брифингте Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Сайпаш Ерасыл.
"Апатты-құтқару жұмыстарына 25 мыңға жуық адам мен 3 мыңнан астам техника, 15 ұшақ жұмылдырылған. Шекаралас мемлекеттердің аумақтарынан су басу қаупі жоқ, Ресей Федерациясы Орынбор облысына қарасты Орск қаласындағы бөгет жарылуы жағдайы және БҚО аумағындағы Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі бақылауда тұр", - деді ол.
Төтенше жағдайлар министрлігі, қорғаныс министрлігі және ұлттық ұланның ұшақтарымен құтқару жұмыстары жалғасуда. Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына автокөлікпен 893,5 мың кг гуманитарлық көмек жеткізілді. Сондай-ақ ұшақпен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Абай облыстарына 177 мың келіден астам гуманитарлық көмек жеткізілді.
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері 97 071 адам құтқарылды, оның 32 735-і балалар. Уақытша орналастыру орындарында 7606 адам болса, оның 3728-і балалар.