АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. Қырғыз Республикасынан қызыл судан зардап шеккен Батыс Қазақстанға 80 тонна гуманитарлық көмек келді, деп жазды "Мой город" порталы.
Жүктің құрамына ең қажетті заттар кірген.
БҚО-да су тасқынының екінші толқыны жақындап қалды. Мамандар сәуір айының екінші жартысында аймаққа тағы да үлкен су келеді деп болжап отыр.
Еріктілер, қоғамдық қорлар, кәсіпкерлер және қарапайым азаматтар зардап шеккендерге қолдау көрсетіп жатыр. Қырғызстан да шетте қалмады. Көрші елден Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары үшін гуманитарлық көмек тиелген 15 жүк көлігі жолға шықты.
9 сәуірде Оралға төрт фура жүк келді. БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бауырлас халыққа алғысын білдірді.
Айта кетері, жүргізушілер мен өкілдер үш мың шақырымнан астам жол жүрген. Жүктерді Қырғызстан Республикасы ТЖМ қызметкері Замирбек Нарчаев алып жүрді. БҚО халқының атынан оған сыйлық ретінде домбыра табысталды.
Гуманитарлық көмек құрамына азық-түлік, төсек-орын, сусын және тұрмыстық заттар кірді. Жүктің жалпы салмағы 300 тонна, оның 80-і Оралға жеткізілді. Қалған гуманитарлық көмек басқа аймақтарға бөлінді.