АЛМАТЫ, 6 сәуір - Sputnik. Су басқан аймақтарда материалдық шығындар толық өтеледі. Бұл туралы президент халыққа үндеуінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі, деді ол.
"Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет", - деді ол.
Президент халыққа көмектесу үшін үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.
"Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет. Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс", - деді Тоқаев