Атырау облысындағы су тасқыны: Бозымбаев қауіпті аумақты тікұшақпен айналып өтті

Атырау облысының үш ауданында күрделі су тасқыны жағдайы сақталып отыр
Sputnik
АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Атырау облысында жүрген вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысымен шекара аумақты тікұшақпен айналып өтті, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары жем өзеніндегі зақымдалған бөгеттің жағдайына баға берді. Кеше оның бұзылуы салдарынан Құлсары қаласының екінші және үшінші учаскелері, сондай-ақ "Жадырасын-2", "Болашақ", "Вахталық кент" шағын аудандары, "Қарағай"" елді мекені су астында қалды.
"6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысының үш ауданында күрделі су тасқыны жағдайы сақталып отыр, 2 елді мекенге көлікпен қатынау мүмкін емес", - делінген хабарламада.
Құлсары қаласында 2,6 мың жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимарат су астында қалып, 5 сәуірден бастап қауіпті аймақтан 15 632 адам шығарылды. Халықты эвакуациялау жалғасуда.
Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жалғасуда, топырақ толтырылған 45,9 мың қапшық, 174,3 мың тонна инертті материал төселді. 5 сәуірде Каспий теңізіне қарай су өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді, тағы бір рет мұз жару жоспарланған.
Әкімдік пен күштік құрылымдардың 600-ге жуық қызметкері, 148 техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.