АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. "Қорғас" ШЫХО аумағының Қазақстан жағында заңсыз ойын бизнесі мен жезөкшелер үйі анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
6 ойынхана мен жезөкшелер ошағын Қытай азаматтары ұйымдастырған.
"Анықталғандай, астыртын ойын мекемелері түнгі уақытта шектеулі адамдар үшін, атап айтқанда Қытай азаматтары үшін ғана жұмыс істеген. Тінту нәтижесінде 4 коммерциялық ғимараттан 76 ойын автоматы, 43 ойын үстелі, құмар ойындарын ұйымдастыруға қажетті көптеген техникалық құрал-жабдық, сондай-ақ 60 мың юань ақша табылып тәркіленді", - делінген хабарламада.
Заңсыз ойынханалар мен жезөкшелер притонын ҚМА Жетісу облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік департаментімен, облыстық полициямен және шекара қызметімен бірлесе отырып жойды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.