Қазақстан мен Өзбекстан теміржол саласында бірлескен кәсіпорын құрмақ

Бірлескен кәсіпорын Трансауған бағытын дамытуға жұмылдырылады
Sputnik
АСТАНА, 5 сәуір - Sputnik. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің келіссөздері барысында айтылды.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөз барысында мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды.
Осы ретте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті алтыншы консультативтік кездесуіне дайындық барысы, сондай-ақ С5+ форматындағы ықпалдастық перспективалары талқыланды.
Екі ел басшылары өңірдегі өзара ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы бастамаға қолдау білдірді. Бұл бірлескен кәсіпорынды құрудағы мақсат – Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін қазақ-қытай шекарасындағы және Өзбекстандағы жүк терминалдарын өзара тиімді негізде пайдалану.
Аталған жоба екіжақты сауданы жандандырып, тауар тасымалының көлемін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ оңтүстік бағыттағы жүк тасымалын ұлғайтуға қолайлы жағдай туғызады.
Бірлескен кәсіпорын Трансауған бағытын дамытуға жұмылдырылады.