АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Алматы облысында Ворошилов су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды өңірдің прокуратурасы.
"Алматы облысының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері бойынша ҚК 371-бабы (Немқұрайлылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне тапсырылды", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 30 наурызда Алматы облысында Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылды. Салдарынан 12 мыңнан астам адам тұратын 2 елді мекенге су басу қаупі төнді, тұрғындардың бір бөлігі шұғыл эвакуацияланды.
Ашылған штаб және өкілетті органдар мен еріктілердің күштері қайғылы жағдайдың алдын алды.
Прокуратура атап өткендей, 2017 жылы мамыр айында Алматы облысының қаржы басқармасы сенімгерлік басқару шарты негізінде су қоймасын "Л. Петрова" ЖК-не берген. Бірақ соңғы баланс ұстаушы – Алматы облысы ауылшаруашылығы басқармасының "Ілеиррегация" су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.