АСТАНА, 4 сәуір – Sputnik. Президент Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты", - делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған.
Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.