Су тасқыны: Астана еріктілері 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді

Қала бойынша 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ұйымдастырылды, жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады
Sputnik
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. "Астана Жастары" еріктілері қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен облыстардың тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау акциясын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қала бойынша 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ұйымдастырылды, жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады. Күн сайын 200-ден астам еріктілер қажетті заттарды сұрыптауға және жөнелтуге көмек көрсетеді. Сарыарқа, 13 көшесіндегі еріктілер пунктінде қаланың бей-жай қарамайтын тұрғындары жиналып, дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық керек-жарақтарды алып келуде.
Астана қалалық еріктілер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұханованың айтуынша, 29 наурыз бен 1 сәуір аралығында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілген.
"Біздің штабта шамамен 30-40 ерікті жұмыс істейді. Күн сайын біз үлкен жүк көліктерімен 4-5 тоннадан астам заттарды жөнелтеміз. Бұған дейін Ақтөбеде "Жақсылық жаса" қозғалысының еріктілері толтырған алғашқы көлік жөнелтілген болатын. Сондай-ақ Қостанай облысына 7 жүк көлігі кетті. Тілендиев көшесі бойындағы жинау нүктесінде елорда тұрғындарының өздері жинау нүктелерін жариялайды. Бүгін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алдын алу іс-шарасын өткізу үшін Целиноград ауданына құралдарды (күректер, қаптар, құм) жіберу жоспарлануда", - деді Эльвира Есмұханова.
Айта кету керек, заттарды сұрыптау арнайы алгоритм бойынша жүреді:
1 санат – химия және гигиена;
2 санат – жаңа заттар;
3 санат – ерлер мен әйелдер киімдері;
4 санат – өнімдер.
"Әр тармақтың заттарды қабылдаудың өзіндік саясаты мен ережелері бар. Тұрғындар көбінесе киім мен гигиеналық құралдарды әкеледі. Осыған байланысты біз киімді мұқият сұрыптаймыз. Заттар өтімділікке тексеріліп, бөлек қораптарға салынады. Кейде біз оларды қалалық әлеуметтік қоймаларға береміз, олар өз кезегінде оларды халықтың әлеуметтік осал топтарына жібереді", - деді спикер.