Бишімбаев Салтанаттың қалай жарақат алғаны туралы өз нұсқасын айтты

Sputnik
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Қуандық Бишімбаев марқұм Салтанат Нүкенованы мейрамханада қалай ұрғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сотталушының айтуынша, ұрыс-керіс ресейлік әншінің концертінде басталды. Ол шара "Қазақстан" орталық концерт залында болды. Екеуі концерттің ортасында кетіп қалған. Сол жерден мейрамаханаға барады. Айыпталушының сөзінше, екеуі шампан ішіп, біраз уақыт дауласқан. Артынан бір келісімге келгендей болды. Даладан мейрамханаға қайта кіріп, басқа VIP-залға барған.
"Сол жерде Салтанат қайтадан өткен-кеткенді еске алып, ұрыс-керісті бастады. Дауысымыз қатты шықты. Сол кезде мен VIP-залдағы дәретханаға барайық дедім. Өйткені мейрамхананың ішінде құрылысшылар жүрген. Соларға естілмесін деп, дәретханаға бардық. Салтанат тағы эмоцияға берілді. Сырғасы, сақинасын, білезігін, сағатын шешіп, бәрін унитазға лақтырып жіберді. Сосын суды басып жіберді. Мәселе ақшада емес, барлық сыйлық үлкен сезіммен жасалды", - деді Бишімбаев бүгінгі сот отырысында.
Оның айтуынша, ол сабасына түсу үшін дәретханадан шығып, тағы ішімідікті іздеп кетті.
"Қайтып барсам, дәретхананың есігі жабық тұр. Ішінен тарсылдаған дыбыстар шықты. Салтананттың айқайлаған дауысы да естілді. Менің зәрем ұшты. Алдымен есікті қолмен ұрдым, одан кейін темір штативті алып, есікті бұздым. Сол кезде Салтанат өзі ашты. Екеуіміз тағы ұрсып қалдық. Ол жұдырығын ала жүгірді, жейдемді жыртып жіберді. Мен оны итере салдым. Бір-бірімізді жұлқылағанда оның көйлегі де жыртылып қалды. Мен шыдай алмай, бірнеше рет шапалақпен тартып жібердім", - деп атап көрсетті сотталушы.
Бишімбаевтың сөзіне қарағанда, Салтанат көйлегі жыртылған соң, шалбарын да шешкісі келген.
"Мен оны артынан ұстап тұрдым. Сосын жібере салдым. Сол кезде ол етбетімен унитаздың үстіне құлады, одан жерге сұлап түсті. Ол 10-15 секундай жатты, сосын ақырындап тұрғысы келді. Мен көмектескен жоқпын. Ол нокдаунға түскендей болды. Тұрды да, қайтадан жерге құлап, бетімен жерге соғылды. Ал екінші көтерілгенде мен көмектесе бастадым. Мойын тұсында қан көрінді. Ол жерді қалай тіліп алғанын мен де түсінбей қалдым", - дейді Бишімбаев.
Айтуынша, Салтанат сол күйі дәретханада жартылай жалаңаш отырды. Ал Бишімбаев темекі шегуге шығып кеткен.
"Мен залға шықтым да, орындықтарды тебе бастадым, қатты ашуландым. Темекі шеккеннен кейін қайтып бардым да, Салтанатты көтеруге тырыстым. Бірақ ол тұрғысы келмеді ме, қайта-қайта жерге құлай берді, тізесін бірнеше рет соқты. Сосын мен оны көтеріп алдым да, диванға қарай апардым. Бір кезде өз жүріп кеткендей болды. Мен жібере салдым. Бірақ Салтанат бірнеше қадам жасап, тағы етбетімен құлады, қолын алға қарай шығарған да жоқ. Салтанат не болды десем, үндемеді", - деді Бишімбаев.
Бишімбаев мейрамханаға дейін ұрыс-керістің неден басталғанын айтты