Сыртқы істер министрлігі Ресейде жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады

Ресейде ірі терактіден кейін қауіпсіздікті күшейту бойынша шаралар қабылданып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Мәскеу түбіндегі терактіден кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейде жүрген отандастарға жеке құжаттарын өзімен бірге алып жүруге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Азаматтарымыздың өзімен бірге жеке құжаттары және сол елде болу мақсаты болғаны дұрыс. Әзірге біздің елшілікке біреуді ұстады, заңсыз ұстап отыр деген шағымдар түскен жоқ. Егер қандай да бір тексерістер болса, бұл жай ғана тексеріс", - дейді Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте.
Айтуынша, Ресейде қауіпсіздікті күшейту бойынша қабылданған шаралар – қалыптасқан жағдайда қалыпты практика.
"Өз аумағында ірі теракт болған кез келген мемлекет қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды, әрине. Жергілікті билік те, соның ішінде құқық қорғау органдары да қажетті шараларды қолға алады. Сол себепті біреуді ұстады және тексеріп жатыр деген жаңалықтар – қалыпты жағдай", - деп түсіндірді Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, 22 наурызда Мәскеу маңындағы Красногорск қаласындағы "Крокус Сити холлда" бетперде киген белгісіз адамдар концерт алдында көрермендерге оқ атты.
Теракт салдарынан қаза болғандар саны 140 адамнан асты.
Ресей президенті Владимир Путин 24 наурызды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Ресейдегі терактіден кейін Қазақстанда қандай шаралар қолға алынады