Өңірлер

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер қаржылай көмек ала бастады

Көмек алу үшін шығынды бағалау комиссиясына хабарласып, өтініш толтыру керек. Отбасында қанша адам бар екенін көрсету және жеке басын растайтын құжатты, сондай-ақ қаражатты аударатын карта шотын ұсыну қажет
Sputnik
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы төлемдер аударыла басталды. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда 183 адам отбасының әр мүшесіне 100 мың теңгеден төлемақы алған. Шамамен бір отбасына орта есеппен 500-600 мың теңге шығады. Барлығы 18 миллион теңгеден астам қаражат төленді, деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
"Үйге жарты сағатқа су кірсе де, бұл отбасылар зардап шегіп үлгерді, ешкім мемлекет көмегінсіз қалмауы керек", - деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Бұл төлемдер тұрғын үйді жалға алу, азық-түлік, киім-кешек сатып алу секілді негізгі қажеттіліктерге арналған.
Бірінші кезектегі төлемдерден бөлек, атаулы әлеуметтік көмек, жылжымалы, жылжымайтын мүлікті және мал басын қалпына келтіруге қаражат қарастырылған.
Қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіпованың айтуынша, тиісті көмек алу үшін келтірілген шығынды анықтаумен айналысатын комиссияға хабарласу керек.
"Өтініш толтырып, отбасында қанша адам бар екенін көрсету және жеке басын растайтын құжатты, сондай-ақ қаражатты аударатын карта шотын ұсыну қажет", - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ облыста Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр.
Су тасқынына қарсы іс-шаралардың барлық кешені жүргізілуде, деп сендірді облыс әкімдігіндегілер.
Сонымен қатар, Қостанай облысының 3 ауданында, яғни Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласында су тасқынынан келген шығынды бағалау бойынша комиссия өз жұмысын бастады.
Облыс әкімі жедел түрде көмек көрсетіп, барлық мүмкіндікті тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызда Арқалық қаласы мен Қостанай облысының екі ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын.
29 наурызда Абай облысының Ақсуат ауданында су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жарияланды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының тағы үш ауданы мен облыс орталығының өзінде төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қаратал, Қарасу, Амангелді, Қарасу, Көптоғай атты бес ауылды су басу қаупі бар. Екпетал ауылын толығымен су басқан, көктемгі су тасқыны да Ойыл ауданында үлкен қиындықтар туғызып жатыр.
Кейін Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің нормадан тыс көтерілуіне байланысты күрделі су тасқыны жағдайына байланысты Көкшетауда төтенше жағдай енгізілді.
Қоғам
Қазақстан-Ресей шекарасында көлік қозғалысы шектелуі мүмкін