АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Әйелін өлтірді деп айыпталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы экстрасенске апарған. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан сот отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бишімбаевтың Салтанатты экстрасенке апарғанын марқұмның туған ағасы Айтбек Амангелді айтты. Оның бұған дейін берген жауабын сотта экс-министрдің адвокаты Ерлан Ғазымжанов оқып берді.
"Біз Салтанатпен аздап сөйлестік. Ол шаршаңқы болып көрінді. Қуандық оған түнімен ұйқы бермей, әңгімелескенін айтты. Салтанатты таңертең бір әйелге апарған. Әлгі әйел экстрасенс сияқты. Менің түсінуімше, Қуандық онымен үнемі араласады. Ол екеуі жиі ұрсысатынын және Қуандық оны қызғанатынын айтты. Салтанаттың сөзінше, экстрасенс оларға дуа жасалғанын айтқан", - деп келтірді Айтбек Амангелдінің сөзін экс-министрдің адвокаты.
Осыдан кейін адвокат марқұмның ағасынан Қуандық Салтанат екеуінің арасын жақсарту үшін қандай шаралар қабылдағанын сұрады.
"Сіздің жоғарыда келтіргендеріңізді мен қарым-қатынасты жақсартуға арналған шара деп санамаймын", - деп жауап берді Айтбек Амангелді.
Еске сала кетейік, Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр.
Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі қосалқы.