Си Цзиньпин шілдеде Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

Тоқаев Си Цзиньпинмен Бейжіңдегі кездесуін ерекше ықыласпен еске алатынын айтты
Sputnik
АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин шілде айының басында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуінде мәлімдеді.
"Төраға Си Цзиньпинге жылы лебізімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтеміз. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен қолға алынған маңызды бастамалардың бәрі толықтай жүзеге асатынына сенімдіміз", – деп АқордаТоқаевтың сөзінен үзінді келтірді.
Ол Қазақстан Си Цзиньпиннің елдеріміз арасындағы тату көршілік, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынастарды және мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.
"Бірлескен күш-жігердің арқасында барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Си Цзиньпин мырзамен Бейжіңдегі кездесуді ерекше ықыласпен еске аламын. Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және әртараптандыруға бағытталған күш-жігеріміз өз жемісін береді, – деп толықтырды президент.
Мемлекет басшысы Қытаймен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайту біз үшін негізгі басымдық саналатынын айтты.
"Жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында Үкіметтің барлық ведомствосын ҚХР-дың тиісті мемлекеттік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бағыттаймыз", – деді президент.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары жан-жақты талқыланды, сондай-ақ көлік, өнеркәсіп, туризм және басқа да салалардағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қарастырылды.