Астана әкімі нашар жөнделген жолдарды тапты

Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын 50-ден астам көше жөнделеді
Sputnik
АСТАНА, 25 наурыз – Sputnik. Астананың әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы аралап, көктемде нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары көріне бастағанын байқады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қала басшысы барлық ауданға барып, биылға арналған жоспарларды белгіледі. Оның айтуынша, жол жөндеу жұмыстары ертерек басталады. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын 50-ден астам көше жөнделеді.
"Қыс мезгілінен кейін нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары көріне бастады. Жауапты басқарма жол жұмысшылармен бірге жөнделетін көшелердің ұзаққа шыдауын қамтамасыз етуі керек. Жұмыс мінсіз, лайықты күйде және сын көтеретін деңгейде орындалуы керек", - дейді Қасымбек.
Оның айтуынша, ең алдымен көлік көп жүретін және жаңа әлеуметтік нысандар салынған жерлерде, сонымен қатар елді мекендерде жолдар жөнделеді және жаңадан салынады. Ал құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан жерде тұрғын үйлер тапсырылғаннан кейін ғана жолдар салынады. Бірақ оған дейін жауапты басқарма уақытша төсеммен қамтамасыз етуі керек.